23.06.2017 жыл, жұма Жұмаш Көкбөрі: https://www.facebook.com/ МҰРАҒАТЫНАН: Жұмаш КӨКБӨРІ 1. НҰР-ДАСТАН! Осыдан төрт-бес жыл бұрын жазылған бұл таза «НҰР-ДАСТАНЫМДЫ» - бүгін тауып алып, қайта қарап шығып, көпшілік назарына ұсынып отырмын. Құрметті, «Нұр-Оқырман!», Бұл турасындағы «нұр-ойларыңызды» «нұрлана» отырып, жеткізсеңіздер екен? Нұр-Автор. ...Жолы болған жаманның, Түрі жаман заманның. «Сыртым дүрдей болғанмен» Мен бір дертті адаммын. Болмай елдің елдігі, Білінеді кемдігі. Қазағыммен ауырған, Менің дертім белгілі... Ұлттың басы қосылмай, Әр жаққа бір жосылды-ай... Біреу сенер, не сенбес, Дерттің жайы осындай. Үміт оты өшуде, Қиын түйін шешуге. Билік – бөлек, Ұлт – бөлек, Әр кім, әр күй кешуде. Біреу - іші пысып жүр, Біреу - босқа ішіп жүр... Қазақ - жерде еңбектеп, Билік - көкте ұшып жүр. Сау тамтық жоқ денемде, Бұл қорлыққа көнем бе?.. Билік - «сенер», мас болар, «Еуразия» дегенге. Қазақ – сыртта сор маңдай, Билік – іште қорғанды-ай. «ЭКСПО» да оларға Әдемі ермек болғандай. Не айтқанын білмейді-ау, Міз бақпайды, күлмейді-ау... «140 ұлт!» немесе «Үш тұғырлы тіл» дейме-ау... «Қымбат ас боп бозамыз, Қозбас жерде қозамыз... «50 елге» қосылып, Түбі одан да озамыз!, Бәрін озып, басамыз, Таспас жерде тасамыз!..» «2050 жылында Америкадан да асамыз...». «Үлгі болып мұрамыз, Ауыздарына ұрамыз!..» ««Нұрстандық» ұлт болып, Жаңа бір қоғам құрамыз...» «Қазақ ұлты оңбайды, Құрту керек ондайды!» Ол қоғамда әрине, «Қазақ» ұлты болмайды. «Арман ол күн бүгінде, Өзгереді дінің де...» «Сөйлейді ұлттың барлығы, «Нұрстандықтар тілінде»... Денең болмай, денең де, Енең болмай, енең де, Болмайды онда әрине «Қазақстан» деген де... Қазына-байлық толады, Басқа «бақыт» қонады! «Нұрстандай» мемлекет Әлемге үлгі болады. Шаттық кернеп денені, Қазақ бәрін береді. «Нұрстанның» көсемі – Ол да «Нұрдан» келеді. Үлгі алатын басқалар, Бұлар нағыз қасқалар. Шенеуніктер есімі, Ол да «Нұрдан» басталар. Жұрттың бәрі біледі, Көсемі оның Ұлы еді! «Нұрстандай» мемлекет Нұр шашады үнемі! Нұрланады қаласы, Нұрланады баласы! Нұр шашады құлпырып, «Нұрстанның» даласы. Мұндай ғажап болар ма, Нұрланады тоған да. Біз кәдімгі «тас» дейтін Нұр шашады олар да. Көз де нұрға тұнады, Сөз де «нұрға» тұнады. Бүкіл әлем нұр шашып, Арайланып тұрады. Мынау ғажап болмаған, Қалған елдер сорлаған! Адамзаттың Жұмағы «Нұрстанда» орнаған. Көз ұялар жарқылдан, Қуаныштан алқынған. «Нұрстанның» жандары Құйылғандай алтыннан. Жол да алтыннан құйылған, Тау да алтыннан қиылған. «Нұрстанның» үйлері Ол да нұрдан құйылған. «Нұр-балалар» туады, «Нұр-дауыстар» тұнады! Күндіз-түні дүние Тек нұрланып тұрады. Жылатпайды, күлдірмейді, Алтын үндер күңгірлейді! Амандасқандар да: -Нұр-нұр! -Нұр-нұр!-дейді. Кілең «нұрлар» келеді, Тамашаны көреді... «Нүр-әртіс» пен «нұр-палуан»- Күрессе, кім жеңеді?.. Шуақ тарар «нұр-шыңнан!», Нұр-иықтар қыршылған... «Нұр-Нұр!»-дейді айғайлап, Құлақ тұнар «нұр-шудан!» Нұр-жаулықтар тасталар, Нұр-тренер басқарар... «Нұр-еріндер» үлбіреп, «Нұр-сүйістер» басталар... «Нұр-тамақтан» татады, «Нұр-шаттыққа» батады. «Нұр-еркек» пен «нұр-қатын» - Неке қиып жатады. «Нұр-қызғалдақ» - ырғалып, Жарқ-жұрқ етер нұр қағып! «Нұр-ұстаздан» - «нұр-шәкірт» - Білім алар нұрланып... «Нұр-тілдер» де байланған, «Нұр-жүректер» - жайланған. Дос біткендер, бүгінде Таза «Нұрға» айналған. Мүмкін жұрттың өсегі, «Нұр-өсектер» еседі... «Нұр-құдағи» - «Нұр-құда» Әмпей-жәмпей деседі. Нағыз «нұрлы» - күз деген, Ол да «нұрлы» - із деген. Еркек біткен бүгінде «Нұр-қатындар» іздеген. Бәрі «нұрға» таласар, «Нұрға» - нұрлар жанасар... «Нұр-қатындар» әрине «Нұр-еркекпен» жарасар. «Нұр-ұйқыдан» оянған, Ол да «нұрлы» ой-арман. «Оппозиция» атаулы Тегіс «нұрға» боялған. Тыныш үйде жатқайсың, Ит болсаң да қаппайсың! «Нұрланбаған» бүгінде Оппозиция таппайсың! Таудан «нұр-тас» құлады, «Нұр-сәбилер» туады. Жазушылар одағы - Кілең «нұрдан» тұрады. Көмескі екен мына күн, «Нұры» аздау ма, шырағым? «Нұр-әкимат», «нұр-аудан», «Нұр-қала» мен «Нұр-ауыл». Қара емес, «нұр-күйе», Іңген емес, «нұр-түйе», «Нұр-айғыр» мен «Нұр-бұқа», «Нұр-сиыр» мен «нұр-бие». «Нұр-қарғалар» қырғидай, «Нұр-жемтіктен» қылғиды-ай!.. «Нұр-помидор», «нұр-пияз», Жайқалады «нұр-бидай». Жүгерінің дәні «нұр», Арпаның да дәні «нұр», «Нұр!», «Нұр!», «Нұр!», «Нұр!» және «Нұр!» Дүниенің бәрі «нұр!!!»... «Нұр-шуаққа» боялдым, «Нұр-тамаққа» тоя алдым, «Нұрстанда» бәрі нұр!..»- Деп жатқанда ояндым... Кілең «Нұрдан» тұратын, Бәрін «Нұрдан» қылатын, «Нұр-Көсем» мен «Нұр-өкімет» «Нұр-Парламент», «Нұр-әкім»! «Нұр-министр» - «нұр-қатын», «Нұрлы» болу – бұл хақың! Бәрі «Нұрдан» тұрады Тіпті, анау «қымбатың»!.. Жарқыраған «нұрлы-күн», Жарқыраған «нұрлы-түн», Сенесіз бе, айтайын, «Нұр-емшек» пен «нұр-бұтың...» Көкті «нұрмен» бүркеуде, «Нұр-есектер» - тіркеуде. «Нұр-махаббат» - «Нұр-сүю» «Нұр-ғашықтық», «нұр-кеуде...» Ауыр жаза «білмеске», «Нұр тосқауыл» - «Нұр көшке»! «Нұр-омырау» - «нұр-балтыр» Бұлтың-бұлтың «нұр бөксе». «Нұрға» еркегі маталды, «Нұрға» ұрғашы маталды, Ыңырсыған «нұрланып», Бар жезөкше атаулы! Құлақ тұнып, күңгірлер, Ол да «нұрлы» үңгірлер. «Шүлдір» біткен бұл кезде «Нұр-тілменен» міңгірлер. У - апиын молықты, «Нұрдан» - құдай қорықты. «Нұр-абақты» бұл елде, «Нұр-тұтқынға» толыпты. ...Тағдыр салды, көнейін, Қайтып жерге келейін. Өңім емес, барлығы Түсім екен, не дейін?.. Артта қалып тоңған күн, Бірден «нұр» боп толғандым. Оянған соң «нұрланып», «Нұр-дастанды» қолға алдым... «Нұр-шабытым» тыйылмай, «Нұр-ойларым» құйындай... «Нұр-қаламым» жорғалап, «Нұрдан» әріп құйылды-ай... Нұр-шегемен шегелей, Нұр-ақылым себелей, Түсіп жатты нұрланып, «Нұр-ұйқастар» шегедей. Нұр-бұлақтан нәр алған, Нұрмен миым жаңарған. «Нұр-дастаным» - меніңше Таза нұрдан жаралған... Күйбең тірлік құрсын да, Қырсыздан ба, қырсын ба?!. Сен де оқырман, бір сәтке Сол «нұрыммен» сусында... («Нұр-дастанның» 1- бөлімі. Жалғасы болады) Жұмаш КӨКБӨРІ Zhumash Kenebay 6 ноя 2016 2. «НҰР-МАРШЫ» Сөзі мен әні: «Нұр-Халықтікі» Біздің «нұрлы» атамыз, «Біздің «нұрлы» апамыз. Біз қашан да екеуін «Нұрға» қосып жатамыз... Біздің «нұрлы» даламыз, Біздің «нұрлы» қаламыз. Өмір кешкен «Нұр Елде» Біздер «нұрлы» баламыз. «Нұрланып» тұр, қыр да бар, «Нұрланып» тұр жыр да бар. Біздің барлық басшылар, Ертелі, кеш «нұрланар». «Нұрдан» оның тұрағы, «Нұрлы» сәби туады. Мұндай «нұрлы» Отанда «Нұрланғандар» тұрады. Бізде болмас «тұман күз», Бізде «нұрлы» құлан дүз. Тоқ етерін айтқанда, Біздер «Нұлы» ұланбыз. Тамақ бізде ен-тегін, «Нұр» күйімді шертемін. Түнек болса өткенім, Ғажап «нұрлы» ертеңім! Біз балалар тұлымды, «Нұр» аймалар туымды. «Нұр Елімнің» «Нұр-маршы» Айтарымыз бүгінгі... Бұл «Маршты» нұрланып отырып қағазға көшірген Жұмаш Көкбөрі, 06.11.2016 жыл.